구혜선Жылы – Тышқан

Жұлдызы – Сарышаян

Салмағы – 42 кг

Бойы – 163 см

Кым Чан Диді сомдаған Оңтүстік Кореяның актрисасы – Ку Хе Сун. Отбасында ата-анасы мен бір әпкесі бар. 1984 жылы 9 қарашада дүниеге келген Хе Сун Сеул Өнер Институтын аяқтаған.

Көптеген жас таланттардың өнердегі тұсауын кескен – «Нон-стоп» (MBC,2000-2006жж) дорамасы Хе Сунның да кинодағы дебютіне айналды. Ол 2000 жылдан бастап 2006 жылға дейін жалғасқан 6 маусымдық телехикаяның бесіншісіне (2004ж) түсіп, елге таныла бастады. Бұдан кейін «Ку Хе Сунның бейнесі тарихи кейіпкерді сомдауға келмейді» деген түрлі сыни пікрлерге қарамастан «Су Доң туралы баллада» (SBS, 2005), «Ержүрек Чиль У» (KBS2, 2008), «Хан және мен» (SBS, 2007) сияқты үш бірдей тарихи драмада – Юн Су Юн, Ён Жи, патшайым Со Хуаны ойнады. 2006 жылы KBS1 түсірген «19 жасар махаббат» телехикаясында басты рольдегі Яң Гук Хуаны сомдаумен қатар, осы туындының әнін де орындап, енді әншілік қырынан көрінді. SBS-те 2006-07жж аралығында «Инкигаё» музыкалық бағдарламасында жүргізуші болды. Жапондық атақты пианист Исао Сасакимен бірлесіп, көптеген жұмыстар жасап, бірнеше әннің әуенін жазды. 2007 жылы Кёрстен Шериданның «August Rush» фильмінде эпизодтық рольде ойнады. Кореяда оннан астам жарнамаға түсті. 2006-2007жж екі маусым Андрей Кимнің сән үлгілерін көрсетті. 2009 жылы сәуірде «Танго» атты кітабын жарыққа шығарды. Сарапшылар бұл кітап жайында жақсы көзқарастарын білдіріп, «Танго» тіпті нағыз бестселлерге (бестселлер – өз уақытында жақсы танымал болып, өте көп тиражбен таратылған, сатылған кітап) айналды. Бір апта ішінде кітаптың 30 мың данасы сатылған. Ку Хе Сун, сондай-ақ танымал, суретші-иллюстратор. Ол 2009 жылдың шілде айында Сеулде өзінің алғашқы сурет көрмесін өткізді. Оны да кітабы сияқты «Танго» деп атап, көрмеге барлығы 50 картина қойылған. 2009 жылы Хе Сун кітабын шығарып, сурет көрмесін ұйымдастырып қана қоймай, дәл осы жылы енді 13-Халықаралық Пучон Фантастикалық фильмедер фестиваліне арнап кино түсіріп, режиссер атанды. Фестивальға барлығы 20 елден 512 қысқа метражды фильм ұсынылған. Соның ішінде тек 35 жұмысқа фестивальда көрсетілу «бағы» бұйырса, оның бірі Хе Сундікі болды. Және фестивальда «Көрермендер көзайымы» деген марапатқа ие болса, 2006 жылдан бері «Жас актриса», «Жарасымды жұп», «Азияның танымал актрисасы» (Тайван), «Үздік жұлдыз» және т.с.с. жүлделердің иегері. Өйткені ол – талантты актриса, жақсы әнші, пианист, компазитор, мықты иллюстратор және жас режиссер.